Саясаткер Болат Әбілов жаңа партия құрмақ

Бүгін Алматыда Болат Әбілов жақтастарымен бірге баспасөз мәслихатын өткізіп, «Bizdin Tandau» партиясын құратынын мәлімдеді


16/05/2022
12:46 34055 0

Бүгін Алматыда Болат Әбілов жақтастарымен бірге баспасөз мәслихатын өткізіп, «Bizdin Tandau» партиясын құратынын мәлімдеді. Жиынға қоғам қайраткері Рысбек Сәрсенбайұлы, саяси белсенді Белла Орынбет, Бақыт Жұмақаева, Олжас Мұхамеди, экономист Ескендір Бейсембетов қатысты. 

 

— Қаңтар оқиғасынан бері төрт ай өтті. Бірақ ешқандай саяси-экономикалық өзгеріс жоқ. Біз бүгін сіздерді жаңа саяси партия құратынымызды айту үшін шақырдық. Осы жерде отырған азаматтар жаңа саяси партия құрамыз деп шештік. Партияның аты — «Bizdin Tandau», — деді Әбілов.

 

Жиында Рысбек Сәрсенбайұлы Болат Әбіловпен бірлесіп, елдегі саяси жағдайды өзгерту үшін саяси ұйым құрғандарын айтты. 

 

— Назарбаевтың авторитарлық, тоталитарлық жүйесін сақтап қалғысы келгендер өз әрекеттерін жасап жатыр. Оны қазір президент Тоқаевтың іс-әрекеттерінен көріп отырсыздар. Осындай сәтте біз өз мойынымызға жауапкершілікті ала отырып, елде түбегейлі саяси өзгеріс жасауды міндет санап, парыз етіп соған кірісу үшін саяси ұйым құрып отырмыз, — деді Сәрсенбайұлы.

 

Партия құрушы бастамашыл топ өкілдері «Самұрық-Қазына» қорын тарату, Евразиялық экономикалық одақтан шығу, Түркі тілдес елдер одағына бірлесу, Ашаршылық, Желтоқсан, Жаңаөзен, Қаңтар оқиғалары мен Заманбек Нұрқаділов пен Алтынбек Сәрсенбайұлының өлімін қайта тексеру бастамаларын көтеруді жоспарлауда. 

 

Бұдан бөлек, бастамашыл топ өкілдері ел атауын Қазақ Республикасы немесе Қазақия деп өзгерту бастамасын көтермек. 

Поделиться

Нет комментариев.

16/05/2022 12:46
34055 0

Уведомление